Қабілетті нарықты қалай қалыптастырамыз? 
22.11.2011

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өткен «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты ІІІ халықаралық форумда еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жетістіктері мен сапалы маман даярлаудың түйткілдері талқыланып, техникалық және кәсіптік білім беру мен жұмыс берушілердің үздік ұйымдары марапатталды.

Форум жұмысына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. «Қуатты мемлекет болып қалу үшін біз кәсіптік-техникалық білім беру сапасына баса мән беруге тиіспіз. Өйткені біздің еліміз қарқынды даму үстінде. Біз шетелдік инвестицияларды, заманауи технологияларды, жаңа білімді игеріп жатырмыз. Алайда жоғары білікті мамандарды өзімізде - Қазақстанда дайындау керек», - деді Премьер-министр.
Оқу орындарын басқарудың жаңа үлгісін қалыптастырып, білім саласы мен бизнес қауымдастығы арасында ынтымақтастық орнату кезек күттірмейтін мәселе екенін атап көрсеткен бас министр кәсіптік білім беру жүйесіне жасалатын реформа Елбасының үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қосылатын қомақты үлес болатынына тоқталды.
«Бұл - Үкімет жұмысының ең маңызды бағытының бірі. Біздің мақсат - бәсекеге қабілетті еңбек нарығын қалыптастыру. Бүгінгі таңда біз кәсіптік білім беру үлгісін жаңғыртып, реформалап жатырмыз. Жаңа үлгі бойынша біздің азаматтар еңбек нарығындағы жоғары сұранысқа ие мамандықтарды игеретін болады. Шын мәнісінде, әңгіме өнімділікке, инновацияларға негізделген жаңа еңбек күшін қалыптастыру жайында болып отыр. Сонда ғана біз еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына серпін беріп, отандық бизнестің өркен жаюына жол ашамыз», - деді ол.
Үкімет жетекшісінің сөзін жалғаған министр Б.Жұмағұлов техникалық және кәсіптік білімді дамытуға 2015 жылға дейін 90 миллиардтан астам теңге бөлінгендігін жеткізіп: «Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер белгіленген. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының шеңберінде мамандықты және одан да жоғары біліктілікті алғысы келетіндер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Бүгінгі таңда мұндай оқумен 60 мыңнан астам адам қамтылды. 2012 жылдан бастап жұмыс берушілердің мамандарды оқытуға жұмсаған шығындарының 70 пайызын қайтару көзделуде. Заманауи кәсіптік стандарттарды әзірлеуге, техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртуға Дүниежүзілік банк қарызының есебінен құны 33 млн доллар болатын жоба іске қосылды», - деді.
Б.Жұмағұлов Қазақстанның бір маман даярлауға бөлетін қаржысы көңіл көншітпейтінін де бүкпесіз баяндады. «Біз бір маман даярлау үшін 1340 доллар жұмсаймыз ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 10,5 мыңға, Экономикалық ынтымақтастық және дамыту ұйымының елдерінде 7,5 мыңға жуық долларға тең», - деді министр.
Осыдан соң ол кадрларға сұранысты анықтау жауапкершілігін мемлекеттік органдар арасында бөліп тастау туралы бастама көтерді. «Мысалға, Еңбек министрлігі экономиканың кадрларға сұранысын болжамдаудың бірыңғай әдіснамасын әзірлеуді, Индустрия министрлігі - индустриалды жобалар шеңберіндегі кадрларға деген сұранысты, Экономика министрлігі тиісті бағдарламалар шеңберіндегі қажеттілікті өз жауапкершілігіне ала алады. Статистика агенттігі кәсіпорындардың кадрларға деген сұранысын, практиканы ұйымдастыруды, жас мамандарды жұмыспен қамту үшін бос жұмыс орындардың саны және оқу орындарымен жасалған келісімшарттар саны туралы мәліметтерге жауап бере алады. Ал жергілікті органдарға өңірлік және салалық кеңестер шешімдерінің негізінде - кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруды жүктеуге болады», - деді еліміздің бас педагогы.
Бұдан кейін Білім министрі экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде қазақстандық портал құру қажеттігін алға тартып: «Басқару органдарының, оқу орындарының, жұмыс берушілердің, шетелдік серіктестердің өзара іс-қимылының негізіне айналатын экономиканы кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі қазақстандық портал құрып, серіктестіктің негізгі бағыттары, соның ішінде жұмыс берушілердің қатысу деңгейі бойынша өңірлердің жыл сайынғы рейтингісін жасауды ұсынамыз. Себебі кадрларды даярлау сапасын басқарудың маңызды тетігі мамандарды сертификаттау болып табылады. Осындай бағалауды салалық қауымдастықтар базасындағы мамандандырылған орталықтарда өткізген жөн. Онымен бірге, әр салада сертификаттандырылған қызметкерлердің деректер банкін құру қажет», - деді Б.Жұмағұлов.
 
Қанат МАХАМБЕТ, Астана 
Ақпарат көзі: "Айқын" № 217 (1884) 19.11.2011